Облыс тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 62%-дан 71%-ға артты. Бүгінде халықтың 46,7%-ы бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Жергілікті бюджет есебінен 33 спорт кешенінің құрылысы басталып, биыл 11 спорт кешені қолданысқа берілді, қалған 22 спорт кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталады.
«Өңірде спортты жүйелі дамыту мақсатында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж жанынан заманауи спорт кешенінің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «TEXOL» компаниясы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды; Ұлттық спорт кешені (ипподром) және 12 мың орындық стадион және «ATYRAU ARENA» көпбейінді спорт кешенінің жобалары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде», – деді облыс әкімі.
Спикер өңірдегі туризм саласының дамуы жайында да сөз қозғады. Мәселен, жартыжылдықта өңірге 83 мыңнан астам турист келіп, көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 19%-ға артты. Саланы дамытуға бағытталған инвестиция көлемі де екі есе өсіп, 32 млрд теңгені құрады. Туризімді дамытудағы басты бағыттар – ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы. Сарайшықты өңірдің тарихи-туристік орталығына айналдыру бойынша бес жылдық жоспар бекітіліп, жұмыстар басталды. Биыл алғаш рет Қиғаш өзеніндегі табиғи лотос алқабында халықаралық Lotus Fest фестивалі өтті. Шараға 20 мыңнан астам турист қатысты.