Оның айтуынша, пилоттық жобаға 100 мыңнан астам тауар атауын жүктеген Anvar, Small және Magnum сияқты ірі сауда дүкендері қосылды. Енді чектерде NTIN арнайы коды көрсетіледі. Бұл – халықаралық GTIN кодының қазақстандық аналогы. Ол 13 таңбадан тұрады. Тауарға код берілгеннен кейін оның барлық циклін бақылап отыруға болады: зауыттан шығуы, қайда жіберілді, т.б. мәліметтер.
«Оның пайдасы неде? Көлеңкелі сауда болмайды, сапасыз өнімнің жолы кесіледі, әділсіз бәсекеге қарсы тұра аламыз. Ол – бизнес үшін жаңа қадам. 1 қаңтардан бастап Қазақстан аумағында барлық тауарды сату кезінде NTIN коды міндетті болады. Бұл – тауар өндіруші, дистрибьютор, сауда дүкендері, кәсіпкерлердің бәріне ортақ. Жаңа ереже бәрімізге бірдей. Каталогқа тауар айналымына қатысушылар қосыла алады. Жоба аясында оқу материалдары, нұсқаулық және интерфейстер дайындалып жатыр», – деді спикер.