19.06.2025 _ 15:20

Қазақстанда ДДҰ және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп балалар жарақаттануының алдын алу бойынша бірқатар бастама әзірленді

Жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан болатын балалар өлімінің алдын алуға болады. Олардың алдын алуға болмайтын аурулардан айырмашылығы – жарақаттардың көпшілігі адами факторға байланысты: қадағалаудың болмауы, немқұрайлылық немесе қауіпсіздік ережелерін білмеу. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс балалар травматологы Арслан Дүйсенбаев ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазақстандық сарапшылар балалармен болған қайғылы жағдайлардың 80%-ы ересектердің кінәсінен болатынын мойындап отыр. Ата-аналар, көбіне, тәуекелдерді бағаламайды. Балаларды ашық терезелердің немесе су қоймаларының жанында қараусыз қалдырады, баланы көлікте автокреслосыз тасымалдайды, дәрі-дәрмектер мен химиялық заттарды қолжетімді жерде сақтайды.

«Мемлекеттік органдар ДДҰ және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, жарақаттанудың алдын алу бойынша бірқатар бастама әзірледі. Жүйелік профилактика тәуекелдерді түбегейлі төмендетуі мүмкін. Ата-аналардың білімін күшейту, қоршаған ортаның қауіпсіздігін жақсарту қажет. Балалар үйдегі қауіпті жерлерге қол жеткізе алмауы керек, сыртта қауіпсіз ойын алаңы болуы қажет», - деді спикер.