03.06.2025 _ 12:10

Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің тіркеуден кейінгі мониторингін күшейту жоспарда бар

Тіркеуден кейінгі мониторингті күшейту мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін бірқатар құралдар қолданылады. Олардың бірі – фармакологиялық қадағалау жүйесі. Ол дәрілік заттарды қолданудың салдарын анықтау, талдау, бағалау және алдын алу арқылы жүргізіледі. Бұл құрал жақсартылмақ, деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов ОКҚ алаңында.
Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің тіркеуден кейінгі мониторингін күшейту жоспарда бар

«Біз бұл жүйені жақсартамыз. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар туралы ақпарат алуға болатын мәліметтер базасын әзірлейді. Фармакологиялық қадағалау жүйесін медициналық ақпараттық жүйелермен және eDensaulyq жүйесімен біріктіру жоспарлануда», – деді Бауыржан Жүсіпов.

Спикердің айтуынша, бұл препараттар, олардың жанама әсерлері туралы барлық қажетті ақпаратты алуға және уақытылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ведомство халықаралық фармакологиялық қадағалау желісіне кіру үшін жұмыс жүргізеді. Халықаралық ұйым 108 елдің мамандарын біріктіреді.

«Ағымдағы жылы фармакологиялық қадағалау және тәжірибе алмасу жөніндегі мамандарымыздың біліктілігін арттыру мақсатында осы халықаралық топтың құрамына кіреміз деп отырмыз», – деп түйіндеді Бауыржан Жүсіпов.