16.11.2023 _ 11:40

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғындарына ерекше үлгідегі туу туралы куәлік пен 2 млн теңгеден тұрғын үй сертификаттары беріледі

«Ұлттық қор балаларға» жобасы аясында балалардың жинақталатын қаражатын пайдалануға болатын мақсаттардың бірі – баспана алу. Осы ретте қазірдің өзінде Қазақстанда бала дүниеге келісімен оның атына тұрғын үй жинақ шоттарын ашатын ата-аналар жеткілікті. Балаларының болашақ баспанасына қаржы жинақтауға ерте кіріскен ата-аналардың көбі – Шымкент қаласының тұрғындары. Онда 1 жасқа дейінгі балалардың атына тұрғын үй жинақтарына арналған 679 депозит ашылған, одан кейін Алматы – 642 және Астана – 531 депозит. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан халқы санының 20 миллионға жетуіне арналған баспасөз конференциясында бұл туралы «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова осындай мәліметпен бөлісті.
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғындарына ерекше үлгідегі туу туралы куәлік пен 2 млн теңгеден тұрғын үй сертификаттары беріледі

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта «Отбасы банкінде» балаларға арналған 299 579 депозит бар. Оның ішінде, 5 жасқа дейінгі балаларға 50 140 мыңнан астам жинақ шоттары ашылған. Ал 1 жасқа дейінгі ең кішкентай клиенттердің атына 12 мың 721 депозит бар. 

Сондай-ақ, ол «Отбасы банк» еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған балалардың болашағына өз үлесін қосқысы келетінін хабарлады. 

«Біз оларға әрқайсысы 2 млн теңге номиналдық құны бар сыйлық секртификатын сыйлаймыз. Бұл сертификат жай ғана сыйлық емес, ол –жарқын болашаққа жолдама. Бұл қаражат жеке баспана сатып алудың алғашқы қадамы болады. Сертификатты қолдану үшін балалардың ата-аналары өз қаласындағы банк бөлімшесіне келіп және видеобанкингпен жеке куәлігін, баланың туу туралы куәлігін көрсету керек. Бұл үшін ата-аналарға 3 ай уақыт беріледі», - деді банк төрайымы.

Сондай-ақ, ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев жаңа туған жиырма миллионыншы қазақстандықтарға ерекше үлгідегі туу туралы куәлік берілетінін атап өтті.