23.09.2022 _ 15:40

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 800 мыңнан астам оқушы орны ашылады

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді. Жоба аясында 2025 жылға дейін 800 мыңнан астам оқушы орнын ашу көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

«Заманауи, жақсы мектептер көп салынады. Елімізде барлық талаптарға сәйкес келетін мектеп орындары салынады. Жобаның басты ерекшелігі – оның сапасы. Бұған дейін салынған мектептермен салыстырғанда, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде мектептер толығымен білім беру бағдарламаларына сәйкес барлық құрал-жабдықтармен қамтылады. Сондай-ақ бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктар көзделеді. Тиісінше, олар жеке спорт залдарымен, асхана және оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба қазіргі үш ауысымды мектептер, апаттық жағдайдағы мектептер, жалпы, орын тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, оның сапалы, заманауи техникамен қамтамасыз етуге жол береді», - деді министр.