23.09.2022 _ 11:40

Қазақстанда су ресурстары мен медицина саласындағы кадр тапшылығы мәселесі шешіледі

Мемлекет басшысы атап өткен еліміздегі су қауіпсіздігі де өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде су саласында білікті маман тапшылығы бар. Осы саладағы білікті мамандар және ғылыми-зерттеу кадрларын даярлау - Ғылым және жоғары білім министрлігінің жауапкершілігі. Қазіргі таңда 16 ЖОО-да «Су ресурстары және суды пайдалану», «Гидрогеология», «Су шаруашылығы» бағыттары бойынша кадрлар даярлау жүргізілуде. Негізгі жоғары оқу орны ретінде Тараздағы өңірлік университет айқындалды. Бұл туралы ОКҚ брифингі барысында ведомство басшысы Саясат Нұрбек хабарлады.

Оның айтуынша, отандық төрт ғылыми-зерттеу институты бірігіп, ғылыми консорциум құрып, су қауіпсіздігі, су ресурстары саласындағы мамандарды келесі жылдан бастап арнайы үш жылдық бағдарламамен даярлайтын болады. 

Сонымен қатар медициналық жоғары оқу орындарында мамандар даярлауға бөлінетін гранттар саны артады. 

«Қазақстандықтардың денсаулығын қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Пандемия кезінде медициналық кадрлардың жетіспеушілігін сездік. Осыған байланысты Мемлекет басшысы үш жыл ішінде жыл сайын резидентурада даярлауға гранттар санын 70%-ға арттыруды тапсырды. Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істейміз», - деді министр.