16.08.2022 _ 14:00

ҚР АШМ: ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі жол картасы бекітілді

Былтыр қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауы аясында ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты міндеттер қойды. Оған  қол жеткізу үшін ветеринарлық қызметке аудит және талдау жүргізілді, ветеринарияны реформалау бойынша шаралар әзірленді және олар сараптамалық қоғамдастықпен, бизнеспен, салалық қауымдастықтармен және мемлекеттік органдармен бірнеше рет талқыланды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мәлім етті.

Оның айтуынша, осы жұмыстың қорытындысы бойынша ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі жол картасы бекітілді. 

«Ол мынадай шараларды қамтиды: ветеринарлық дәрігерлердің мәртебесін анықтау; ветеринария саласындағы цифрландыру және автоматтандыру; ветеринария саласында кадрлар даярлау; жергілікті жерлерде мал дәрігерлерінің жалақысын арттыру; ветеринариялық қызметтер деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату; Қазақстанның ветеринария саласындағы заңнамасын халықаралық стандарттармен үйлестіру. Жоғарыда аталған барлық реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр, бұл Қазақстанның ветеринариялық қызметінің тиімділігін арттыруға және оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», - деді спикер.