25.05.2022 _ 14:33

Дәурен Абаев: Қазақстанның шахмат мектебі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары – рапид және блиц бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Қазбек Нөгербеков пен блицтен қыздар арасындағы әлем чемпионы Назерке Нұрғалимен кездесті. Сондай-ақ кездесуге Қазақстан Шахмат федерациясының басшылығы, президенті Ғалым Хусаинов, вице-президент Дәрмен Сәдуақасов және атқарушы директор Әнуар Исмағамбетов те қатысты.
Дәурен Абаев: Қазақстанның шахмат мектебі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді Дәурен Абаев: Қазақстанның шахмат мектебі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді

 

«Сіздерді жоғары нәтиже көрсетулеріңізбен құттықтаймын, шын жүректен қуаныштымын. Сіздер Қазақстан шахмат мектебінің әлемдегі ең мықтылардың бірі екенін кезекті рет дәлелдедіңіздер. Спортшыларымыздың халықаралық жарыстарда жеңімпаз болуы, жүлдегер атануы мемлекетіміз үшін  зор мәртебе. Әрине ең үлкен жеңістер алда екеніне сенемін. Жаңа биіктер мен жетістіктер тілеймін!»,- деді Дәурен Абаев.

Министр спортшылардың үздік нәтижелері шахматты бұрынғыдан да танымал етуге оң әсер ететінін атап өтті.

Федерация басшылығымен әңгімелесу барысында тараптар өзекті мәселелерді, оларды шешу жолдарын, сондай-ақ Қазақстандағы осы спорт түрінің даму келешегін талқылады. 

Сонымен қатар, Федерация басшылығы министрге ірі халықаралық жарыстарға дайындық барысын баяндап, федерацияның алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.

Айта кетейік, 1-4 мамыр аралығында Родос қаласында (Греция) шахматтың рапид және блиц түрінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл турнирге 40 елден 322 спортшы қатысты. Қазақстан намысын  8 спортшы қорғады.  Олар 3 алтын (Қазбек Нөгербеков пен Назерке Нұрғали), 1 күміс пен 1 қола Даниял Сапенов жеңіп алды.