23.05.2022 _ 08:54

Шымкентте жарылыс кезінде зардап шеккендер мен перинаталдық орталықтың науқастарының жағдайы ерекше бақылауға алынды

22 мамырда жарылыс болған Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықтың пациенттері №2 облыстық перинаталдық орталықтың ғимаратына, Шымкент қаласының №1, 2 қалалық ауруханаларына, қалалық перинаталдық орталыққа және облыстық балалар ауруханасына көшірілді. Олар дәрігерлер мен психологтардың тұрақты бақылауында тұрғанын бүгін өңірде өткен баспасөз конференциясында ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова хабарлады.

"Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының бастығы Марат Пашимовпен және медициналық ұйымдардың бірінші басшыларымен бірлесіп, жарылыс кезінде зардап шеккендер жатқызылған клиникаларды аралап шықтық. Екі пациенттің жағдайы тұрақты, ауырлығы орташа 7 пациент бар, қажетті бейінді медициналық көмек толық көлемде көрсетілді.  Науқастармен әңгімелесу жүргізілді, көрсетілетін медициналық көмектің сапасына пациенттер қанағаттанды", - деп хабарлады бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

"Жаңа туған нәрестелер мен жүкті әйелдерді ауруханаға жатқызу бағытын өзгерту бойынша ұйымдастыру шаралары жалғасуда. Барлық жүкті және жаңа туған нәрестелер ерекше бақылауға алынды", - деп атап өтті М.Ембергенова.

"Ғимарат пен жабдыққа келтірілген залалды бағалауды, сондай - ақ жеке дәріханаларды тексеруді арнайы құрылған комиссия жүргізеді",-деп қорытындылады Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 22 мамырда Шымкент қаласында №1 облыстық перинаталдық орталықтың жанында орналасқан жеке дәріхана ғимаратында жарылыс болды.