18.10.2021 _ 11:40

Ұлттық жобаны іске асыру еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді – АШМ басшысы

12 қазанда Үкімет отырысында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы бекітілді. Құжат мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді және күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды қажет ететін нақты, тораптық міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталған. Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлады.


 
 
Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұдан бұрынғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді.

Ұлттық жобаны әзірлеуге БҰҰ жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының сарапшылары,  салалық одақтардың, қауымдастықтардың, ғылымның өкілдері тартылды. 


«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалды: ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру; Қазақстанды отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету; өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту; 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру»,- деді ведомство басшысы.  


Еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсатына қол жеткізу үшін негізгі факторлар айқындалды. 


Бұлар жоғары сапалы тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды, заманауи техника мен технологияны, суармалы егіншілікті және т.б. қолдану.