26.08.2021 _ 13:50

Әдеттегі тәсілдермен бірге ғылыми әдіс. Қазақстан әскері қалай тамақтанады?

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Қарулы Күштерінің өкілдері Қазақстан әскерінің қызметі жайлы баяндады  Журналистер әскерге шақыру, әскердегі қауіпсіздік, мерзімді қызметтегі адамдардың денсаулығы, сапалы құрам мәселелеріне қызығушылық танытты. Олар тамақтандыру туралы да сұрады. Жақын арада норманы өзгерту жоспарда бар ма?

Әрине, бар! Руслан Тапашевтің айтуынша, бұл жұмыс ғалымдармен бірге жүргізілуде. 


«Әскери қызметшілердің тамақтануын одан әрі жақсарту үшін Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, ұлттық тағамдардың ерекшеліктерін ескере отырып, әскери қызметшілер үшін азық-түлік рационы нормаларын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Әскери қызметшілердің тамақтану рационына жылқы еті, қой еті, түйе еті, үйрек, қаз және балықтың түр-түрін қосу көзделген, сондай-ақ дәстүрлі құрт, қымыз, шұбат қосылмақ. Осылайша біз азық-түлік ассортиментін жақсартамыз», - деп сендірді ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру жұмылдыру жұмысы департаментінің бағыт аға офицері.