30.07.2021 _ 20:13

Ольга Рыпакова: менің мақсатым және тілегім - спорт пен жеңіл атлетиканың дамуына зор үлес қосу

Бұл мен үшін спортшы ретіндегі соңғы Олимпиада, бірақ алдағы жұмысым, өмірім спортпен тығыз байланысты болады деп ойлаймын. Бұл туралы Олимпиадалық ауылдан видеобайланыс арқылы қосылған Ольга Рыпакова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Бірақ ол алдағы жоспарлары жайлы ештеңе айтпады.  Спортшы бұл туралы айтуға әлі ерте деп санайды. Бала кезінен бері бұл мәселеде бас кеңесші - әкесі әрі бапкері Сергей Алексеев.

«Менің мақсатым және тілегім - спорттың дамуына, оның ішінде Қазақстанның жеңіл атлетикасына зор үлес қосу, елімізде Олимпиада чемпиондары, Әлем чемпиондары көп болуы үшін», - деді Рыпакова қысқаша жауап беріп.

«Ал егер Жеңіл атлетика федерациясынан басшылық қызмет ұсынса, барасыз ба, әлде отбасыға көңіл бөлесіз бе?» – деп сұрады журналистер.

«Мен үшін отбасы - әрдайым бірінші орында. Олар да мені әрдайым спортта қолдайды. Адамдардың көбі «спорт үшін қандай құрбандық жасадыңыз?» деп сұрайды - бұл менің отбасым, балаларым. Сондықтан алдағы уақытта отбасыма және балаларыма көп көңіл бөлгім келеді. Ал менің әкем Сергей Алексеев - бала кезімнен бапкерім болып келеді, сондықтан мені, спортты және болашақты байланыстыратын барлық мәселелер, қандай да бір жоспарлар, әрине, біз барлығын бірге талқылаймыз. Біз онымен әлі сөйлескен жоқпыз, келесі аптада тыныш отырып, алдағы уақытқа жоспарларымызды, болашақ өмірді талқылаймыз. Менің ойымша, бұл тез шешуді қажет ететін мәселе емес. Ойлануға уақыт бар: алдағы жарыстарға немесе Азия ойындарына дайындалу керек пе? Мұндай ұсыныстар болды...», - деді чемпион.

Ол сондай-ақ биылғы Олимпиаданың финалы керемет және күтпеген жағдай болатынына сенімін білдірді. Бұған бәсекелестіктің жоғары болуы әсер етеді.