19.07.2021 _ 15:50

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 5 бағыт бойынша тағайындалады

Еліміздегі жастарға қатысты өзекті мәселелерді зерделей отырып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 5 бағыт бойынша тағайындалатын болды. Атап айтқанда, ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және медиа. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов мәлімдеді. Еліміздің талантты жастарына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында ол жыл сайын тағайындалатын болады. Грант қаражатын ҚР Үкіметі белгілейді. Сондай-ақ, үміткерлердің үздік жобаларын анықтау мақсатында министрдің бұйрығымен орталық атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бойынша мамандар мен сарапшылардан құралған конкурстық комиссия құрамы бекітіледі.

«Жалпы конкурстық комиссия екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезең – уәкілетті органның конкурстық өтінімдерді қабылдауы. Өтінімдер 19 шілдеден 20 қыркүйекке дейін қабылданады. Екінші кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурс жеңімпаздарын анықтау. Бұл жерде конкурстық комиссияның шешімі қағидаларға сәйкес бағалау парағы бойынша жиналған балдардың санын көрсете отырып, конкурс қорытындылары туралы хаттамамен ресімделеді», - деді Байманов. 


Сонымен қатар, конкурстық комиссияның отырыстары ашықтық, айқындық қағидаттарында өткізіледі және уәкілетті органның интернет-ресурсы мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн-трансляция режимінде өткізіледі.