16.07.2021 _ 15:50

Балаларды вакцинациялау олардың ата-аналарының, қамқоршыларының немесе ресми өкілдерінің рұқсатымен ғана жүргізіледі

Ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында Pfizer вакцинасын жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Келіссөздер наурыз айынан бері өтуде, Қазақстан Республикасына бірқатар талаптар қойылды. Бұл талаптар өте қатал, сондықтан оларды азайтуға және деңгейін төмендетуге уақыт қажет болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

 

 «Pfizer вакциналары 12 жастан асқан балаларды вакцинациялау үшін қолданылады. Сондықтан қазір балаларды вакцинациялау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, өйткені Қазақстанда 12-18 жас аралығындағы балалар саны 2 млн-ға жуық. Бұл өте үлкен көрсеткіш, ал «дельта» штаммының таралуын, инфекция клиникасының өзгеруін, тез берілуін ескерсек, балалар жиі ауырады деп айта аламыз. Енді алдымызда тек ересектерді ғана емес, балаларды да қорғау міндеті тұр. Бірақ балаларды вакцинациялау олардың ата-аналарының, қамқоршыларының немесе ресми өкілдерінің рұқсатымен ғана жүргізіледі», - деп сендірді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.