24.06.2021 _ 12:40

Шымкентте жаңа оқу жылы апатты мектепсіз басталады

Қазір қалада 18 732 орындық 32 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 10 222 орындық 20 білім ұясы пайдалануға беріледі. Оның 16-сы жеке инвесторлардың есебінен салынып жатыр. Бұл туралы Шымкент басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

 «Шымкент жаңа оқу жылын апатты мектепсіз бастайды. Үш ауысымды мектеп саны 14-тен 9-ға дейін төмендейді. Жалпы 2025 жылға дейін Шымкентте 68 500 орындық 72 мектеп бой көтереді. Биыл білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасына баса назар аударылуда. Мектептерді жабдықтауға 7 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды», - деді Әйтенов. 


Сонымен қатар, балалардың қауіпсіз ортада білім алу үшін, іште дәретханасы жоқ 36 мектепке қосымша дәретхана салынып, бұл мәселе толығымен шешімін табады. Сондай-ақ, әкім жаңа оқу жылына дейін барлық мектептерде соңғы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау мен адамның түр-тұлғасын анықтайтын кіргізіп-шығару жүйесі орнатылатынын жеткізді.