18.06.2021 _ 10:00

Атырауды көгалдандыру. Орман қорына 7 млн көшет, елді мекендерге – 540 мың ағаш отырғызылады

Атырау облысында Президенттің 2025 жылға дейін орман алқабында жаппай ағаш егу мен елді мекендерді көгалдандыруды тапсырмасы бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Биыл көктемде 700 мыңға жуық екпе, 50 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір әкімі Махамбет Досмұхамбетов хабарлады.

Алдағы бес жылда облыстың орман қоры жерлеріне 7 млн көшет, ал елді мекендерге – 540 мың ағаш отырғызу қарастырылған.  


«Сонымен қатар, өңірдегі «Теңізшевройл», NCOC, АМӨЗ және «Ембімұнайгаз» сынды ірі мұнай-газ кәсіпорындарымен де көгалдандыру жұмыстарына қатысты меморандум жасалды. Олар күзде жұмыстарды бастайды. Сондай-ақ, биыл космостық мониторингтеу арқылы Атырау қаласы аумағынан 94 заңсыз қоқыс орны анықталды. Олардың 39-ы тазаланды, 42 тазалау жұмыстары жүргізілуде, ал қалған 13 қоқыс орнының иелері анықталуда. 2020 жылы Атырау қаласында 464 тіркелмеген қоқыс орындары анықталып, барлығы жойылған болатын», – деді өңір басшысы жергілікті экологиялық ахуалға тоқтала келе.