11.06.2021 _ 11:40

ІІМ жеке құрамының 93% - ы вакцинацияланды

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай басталғалы медицина қызметкерлерімен бірге полиция қызметкерлері күн сайын санитарлық және блок бекеттерінде болды, әуежайларда, теміржол вокзалдарында жұмыс істеді, көшелерде, скверлерде, аулаларда патрульдеу жүргізді. Барлық мекемелерде карантин режимі сақталды. Ішкі істер министрінің айтуынша, ішкі істер органдарының 7000 қызметкері коронавирустық инфекциямен ауырған, олардың 27-сі қайтыс болды.

Әріптестердің денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ведомствода белсенді түрде вакцинация жүргізілуде. Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде журналистердің сұрақтарына берген жауабында қызметкерлердің 93% - ы 2 кезеңмен вакцинацияланды деп мәлімдеді.


«Біз «қашықтан» жұмыс істей алмаймыз, дәрігерлер де, біз ұдайы қызметтеміз, халықпен тікелей байланыста жұмыс істейміз, оқиға орнына барамыз, жәбірленушілермен жұмыс істейміз, қылмыскерлерді іздейміз. Ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету – басты орында. Барлық ішкі істер органдарында медициналық пункттер бар, оларда дәрі-дәрмектің барлық жиынтығы бар», - деп сендірді елдің бас полицейі.