27.05.2021 _ 11:40

Алматы облысында 4 айда барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілді

Алматы облысында өткен 4 айда барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,3%-ға, құрылыс жұмыстары – 4,2%-ға, сауда - 3,7%-, ауыл шаруашылығы - 0,5%-ға ұлғайды. Облыс экономикасына 1,6% өсіммен 127 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына қарай инвестиция көлемі 811 млрд. теңге деңгейінде болжануда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдындағы есептік брифингте облыс әкімі Амандық Баталов мәлім етті.
Алматы облысында 4 айда барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілді

ЖӨӨ-дегі инвестициялар деңгейін 30%-ға дейін ұлғайту жөніндегі міндетті орындау мақсатында 2025 жылға қарай 45 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, 5,4 трлн құрайтын 562 жобаны қамтитын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Оның ішінде инвестициялардың тұрақты ағынын қамтамасыз ететін 327 жоба іске асырылуда.


«Мұнда 9 Трансұлттық компания өзінің елеулі үлесін қосып отыр. «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» кәсіпорындары мен биыл іске қосылған «Алацем» цемент зауыты мен «Фид Миллс» құрама жем зауыты өндірістерінің жалпы көлемі 165 млрд. теңгені құрайды. Алдағы уақытта Трансұлттық компаниялардың тағы 5 жобасы іске қосылғанда олардың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 25% болады, - деді А.Баталов.


Ол Алматы облысында азық-түлік, сусындар, электр жабдықтары, дайын металл бұйымдары өндірісінде, фармацевтика мен құрылыс индустриясында тұрақты өсім байқалып отырғанын жеткізді. Ал жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетіп, шикізаттық емес экспорт 6% өсіп, 400 млн. АҚШ долларына жетеді деп межеленіп отыр.