19.05.2021 _ 17:22

А. Есмағамбетова: Қазақстанда қолданылатын үш вакцина да тиімді және қауіпсіз

Алматы тұрғындары коронавирусқа қарсы вакцина ала алмауда. Отандық вакцина жетіспейді. «Не істеу керек?». Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг спикерлеріне осындай сұрақ қойылды. ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының айтуынша: «...күтпеген дұрыс. Не бар, соны салдыру керек». «QazVac» отандық вакцинасының 50 мың дозасы бүкіл ел бойынша үлестірілді. Бұл 25 мың адамға есептелген. Алматыға 6 мың доза жеткізілді, яғни 3 мың адамға есептелген. Ақпарат жүйелерінің мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда 2800 адам вакцинацияланған, «QazVac»-тың 200 дозасы әлі де бар.
А. Есмағамбетова: Қазақстанда қолданылатын үш вакцина да тиімді және қауіпсіз

«Бүгінде жекелеген өңірлерде «QazVac», барлық өңірлерде «Синофарм» және «Спутник» вакциналары қолжетімді. Егер азаматтың «QazVac» вакцинациясын салдырғысы келсе, онда, әрине екінші партияның түсуін күтуге тура келеді. Бірақ Қазақстанда қолданылатын барлық үш вакцина да тиімді және қауіпсіз екенін еске салғым келеді. Қандай да болмасын бір вакцинаны күту туралы шешім қабылдағанда, вирус айналымы әлі де тоқтамағанын естен шығармағанымыз жөн. Оны тоқтату үшін тез арада ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек, барынша көп азамат екпе салдыруы тиіс. Сондықтан азаматтарды қандай да бір вакцинаның, «Pfizer» немесе «QazVac» екпелерінің қашан түсетінін күтпей, қолда бар және қолжетімді вакцинаны салдыруға шақырамын. Бүгінде «Спутник» пен «Синофарм» барлық өңірлерде бар», - деп сендірді Айжан Есмағамбетова.


Спикер «QazVac» - бұл 21 күндік аралықпен бірдей екі дозалы вакцина екенін тағы да атап өтті. Екпе компоненттерін алу аралығының өзгеруі тек «Спутник V» вакцинасына ғана қатысты. «QazVac» және «Hayat-Vac» бойынша интервалдар өзгерген жоқ.