19.05.2021 _ 13:40

Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға қолданылады

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына ел тұрғындарын, ең алдымен балаларды бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қайта жандандыру міндеті қойылды. Осы орайда заңнамада жаңа мемлекеттік тапсырыс институтын енгізу арқылы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыруды көздейтін нормалар қамтылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов хабарлады.
Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға қолданылады

Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар министрлікпен және жергілікті атқарушы органдармен, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе жүргізіледі.

«Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен бірқатар құқықтық актілер бекітіліп, қабылданды. Жалпы, қағидаларда мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстардың жүзеге асуына қатысы бар 3 жақтың да мүдделері ескеріліп отыр, олар: мемлекеттік тапсырысты орналастыратын - жергілікті атқарушы орган (оператор); мемлекеттік тапсырысты орындаушы - өнім беруші; бала мен оның заңды өкілі. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолданылатын болады. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес шығармашылық үйірменің 59 түрі қарастырылған», - деді вице-министр.


Әр баланың қызығушылығына қарай мемлекеттік шығармашылық, спорт және қосымша білім беру тапсырыстар аясында көзделген екі үйірмеге тегін қатысуға құқығы бар.