08.10.2025 _ 14:50

Қазақстан мәйіттік донорлықтың Еуропадағы көрсеткіштеріне қол жеткізуді көздеп отыр

Қазақстанда трансплантолог дәрігерлердің саны жеткілікті. Олардың барлығы шетелдік медициналық орталықтарда білімін шыңдап келген. Отандық транспланттау орталықтары да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми онкология орталығының трансплантолог-хирургы Мэлс Асықбаевтың ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде мәлімдегендей, қазір тек донор тапшылығы мәселесі ғана бар.

«Жылдан-жылға күту парағында тұрған пациенттердің саны өсіп келе жатыр. Транспланттауға жете алмай, жылына 300-ден астам адам көз жұмады. Яғни, туыстық транспланттау жасалғанымен, бұл жеткіліксіз. Біз мәйіттік транспланттауды дамытатын болсақ, БАҚ арқылы азаматтарымызға толыққанды трансплантацияның қалай өткізілетінін жеткізетін болсақ, саланы алға қарай дамытамыз деген ойымыз бар. Еуропалық мемлекеттерінің орталықтарында трансплантацияның 98%-ы мәйіттік донорлардың арқасында жасалынады. Олар туыстық транспланттауға өте сирек жүгінеді. Біздің елде, керісінше, операциялардың 90%-ы – тірі донордан алынған трансплантация», – деп түйіндеді спикер.