26.02.2026 _ 15:10

Алматы облысының туристік және инвестициялық тартымдылығы артуда

Алматы облысы туристік тартымдылығының тұрақты өсуін көрсетіп отыр, бұл туристердің өңірімізге деген жоғары қызығушылығын айғақтайды. Облыс аумағында республикалық маңызы бар 10 және өңірлік маңызы бар 1 туристік дестинация орналасқан. Бұл табиғи және мәдени ресурстардың молдығын, сондай-ақ туризмді одан әрі дамыту әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл туралы Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы хабарлады.

Оның айтуынша, өңірдің туристік имиджін қалыптастыруда ұлттық парктер ерекше рөл атқарады (Көлсай көлдері, Іле-Алатау, Шарын). 2025 жылы оларға 1,8 млн адам келді. 

«eQonaq базасының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 147 мыңнан астам турист келді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір Алматы және Астана қалаларынан кейін елде үшінші орында. Туристік және инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында 2026 жылы өңірдің халықаралық имиджін нығайтуға бағытталған 25-тен астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарлануда, оның ішінде халықаралық спорттық жарыстар («Tengri Ultra», «Oceanman Kazakhstan», «Irbis Race»), мәдени-бұқаралық фестивальдер (Park Live Almaty, Family Rock Festival, «Небо Байсерке», «Праздник винограда», аудиоэкспедиция «Suaq»)», – деді спикер.

2025 жылы туризм саласына негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 33,3 млрд теңгені құрады. 2025 жылы іске асырылған инвестициялық жобалар қатарында Талғар ауданындағы 8,5 га аумақта салынған «AYKANRESORT», «TAL RESORT Aqua & SPA», Ұйғыр ауданында «NAMMU SPA&Wellness», «Pattaya SPA»,  «MILLENIUM SPA & Wellness centre» сынды туристік кешендер бар. Кеген, Балқаш, Іле аудандарында да ірі жобалар іске асырылды.  

Инвестициялық жобалармен қатар инфрақұрылымдық жобалар да іске асырылуда. 2023–2025 жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік маршруттар мен соқпақтарды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Жоба аясында жалпы сомасы шамамен 500 млн теңгеге шолу алаңдары, көрсеткіштер, көпірлер, пирстер, кіреберіс топтар, экосатылар, от жағу аймақтары және жаңа соқпақтар орнатылды.

Биылғы жазғы туристік маусымға дайындық және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Райымбек ауданындағы Тұзкөл және Тастау көлдерінде, сондай-ақ Кеген ауданындағы Көлсай және Қайыңды көлдерінде туристік соқпақтар, экосатылар, шолу алаңдары мен пирстер салу жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 326,6 млн теңге. Қазір Қайыңды көліне апаратын ұзындығы 10 шақырым автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жобаны аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.

Сондай-ақ Қонаев қаласында көлік және туристік инфрақұрылымды кешенді жаңарту жүргізілуде. Көшпенділер қаласына дейінгі автомобиль жолын салу жобасы іске асырылды. Одан бөлек, Қонаев қаласында қолданыстағы жол желісін жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.