27.08.2026 _ 14:48

Қазақстан мен Сауд Арабиясы әуе қатынасын жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтті

Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатқа қол қою азаматтық авиация саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны нығайтып, екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашты, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Қол қою рәсіміне ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Сауд Арабиясы Корольдігінің Азаматтық авиация бас басқармасының президентінің міндетін атқарушы Сулейман бин Ахмед Альбассам қатысты.

Аталған келісім сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, инвестициялар тартуға, сондай-ақ туристік және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында тараптар тұрақты рейстердің рұқсат етілген санын аптасына 28 рейстен 70 рейске дейін ұлғайтты. Әуе тасымалдаушылары Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей тұрақты рейстер ашуды, сондай-ақ Сауд Арабиясының басқа қалаларына орындалатын бағыттардың санын арттыруды жоспарлап отыр.