25.08.2026 _ 10:06

Қазақстанда обырды ерте диагностикалау кеңейтілуде

Елімізде онкологиялық көмекті дамыту шеңберінде дәлдігі жоғары диагностиканың мүмкіндіктері кеңейтілуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 17,4 мың ПЭТ/КТ зерттеуі жүргізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға көп, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Иммуногистохимиялық зерттеулердің саны да айтарлықтай артты – 2024 жылғы 33,6 мыңнан 2025 жылы 65,1 мыңға дейін өсті. Бұл зерттеулер ісіктің ерекшеліктерін анықтауға және емдеудің неғұрлым дәл тактикасын таңдауға мүмкіндік береді.

Ісіктері бар пациенттер сәулелік терапияның заманауи түрлерімен қамтамасыз етілуде. Бұл емдеу түрімен қамту 65%-ға дейін кеңейді. Қазақстанда Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы іске қосылғаннан кейін алғаш рет протондық терапия қолжетімді болды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 3 897 протондық терапия емшарасы және 9 239 сәулелік терапия сеансы жүргізілді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында халықты онкологиялық скринингтермен қамту көрсеткіші 37,6%-дан 41,7%-ға дейін өсті.

2025 жылы өңірлердің басым бөлігіндегі онкология орталықтары жалпы сомасы 27 млрд теңгеден астам заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

2026 жылдың соңына дейін онкологиялық қызметтің инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Оның ішінде дәлдігі жоғары диагностика бойынша алғашқы референс-орталықтарды, Қарағанды облысында жаңа ПЭТ/КТ орталығын іске қосу және өңірлік медициналық ұйымдарды қосымша жарақтандыру көзделген.

Негізгі міндет – ауруды ерте анықтаудан бастап нақты диагноз қоюға және уақтылы заманауи ем жүргізуге дейінгі пациенттің жолын қысқарту, медициналық технологиялардың тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Онкологиялық көмекті дамыту Онкологиялық аурулармен күрестің 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының шеңберінде жүзеге асырылады.