Ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына пәтер бөлу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Астана және Алматы қалаларында жас ғалымдарға тұрғын үй беру мақұлданды.
Жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл шара олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға және жас кадрларды ғылым саласында тұрақтандыруға бағытталған.
Сонымен қатар жас ғалымдарға арналған 2023–2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске асыру жалғасып келеді. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында 2023 жылғы 19 қазанда жасалған ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылуда.
Жас ғалымдарды тұрғын үймен қолдау – жас кадрлардың кәсіби және әлеуметтік дамуына жағдай жасауға, сондай-ақ Қазақстандағы ғылыми қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған ғылым саласындағы мемлекеттік саясат тетіктерінің бірі.