Салада қазақстандық 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді, бұлар 8,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірілетін өнімдегі қазақстандық қамту деңгейі 30%-дан 90%-ға дейін жетеді.
Локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондарын, мойынтіректерді, тұтас илемделген дөңгелектерді, осьтерді, арба бөлшектері мен тораптарын және басқа да өнімдерді шығаратын жетекші зауыттар Астана, Петропавл, Екібастұз, Степногор, Павлодар, Семей, Өскемен, Атырау қалаларында орналасқан. Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру аясында локомотив және вагон жасау саласындағы әлемнің жетекші компаниялары – Wabtec Corporation, Alstom, Stadler және т.б. тартылды.
8 жыл ішінде елімізде теміржол секторы өнімдерін өндіру көлемі 7 еседен асты, яғни, 104,5 млрд теңгеден 734 млрд теңгеге дейін өсті. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол секторы бұйымдарын өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 22,5%-ға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті. Бұл бүкіл машина жасау саласының жалпы көлемінің 13%-ын құрайды. Тек өткен жылдың өзінде отандық зауыттар 114 локомотив (45 электровоз және 69 тепловоз) және 3 068 вагон, оның ішінде жартылай вагондар, платформалар мен жолаушылар вагондарын шығарды.
Жоғары қарқын осы жылдың бірінші жартыжылдығында да сақталды: өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артып, 345 млрд теңгені құрады. Динамика электровоздар өндірісінің (24%-ға), жолаушылар вагондарының (+11%), теміржол жолдарын жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге арналған көлік құралдарының (3,3 есеге), сондай-ақ локомотив бөлшектері мен қозғалысты басқаруға арналған механикалық жабдықтар өндірісінің (+36%) өсуі есебінен қамтамасыз етілді.
2026 жылға өндірушілер теміржол техникасын шығарудың мынадай жоспарларын қалыптастырды: 94 локомотив, 193 жолаушылар вагоны, 1 323 жартылай вагон және 2 377 платформа. Бұл ретте жылжымалы құрамның жекелеген түрлері бойынша зауыттардың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында және бизнестің белсенді атсалысуымен республикада жаңа заманауи зауыттар ашылып, қолданыстағы өндіріс орындары жаңғыртылуда. Мысалы, өткен жылы Елордада швейцариялық жетекші серіктес StadlerBussnang AG-пен бірлесіп, жылына 100 жолаушылар вагонын шығаратын «ШтадлерҚазақстан» жаңа зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жайлы купелі, плацкартты, штабтық және техникалық вагондар шығарады.
Атырау облысында «ТексолТранс» компаниясы жылдық жобалық қуаты 6000 бірлік болатын жүк вагондары өндірісін іске қосты. Атырау вагон жасау зауыты өткен жылы 305 жартылай вагон шығарды. «ТексолТранс» ЖШС Атырауда құю зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Жылына 60 мың тоннаға дейін құйма бөлшектер өндіретін кәсіпорын 2027 жылы іске қосылады, шамамен 500 жұмыс орнын құру көзделген. Бұл вагондарға арналған құрамдас бөлшектер өндірісін 90%-ға дейін локализациялауға мүмкіндік береді.
Семей машина жасау зауыты 2025 жылдан бастап жылына 600 бірлік жартылай вагон шығаратын өндірісті іске қосты. Екібастұзда Railways Systems KZ холдингінің теміржол кластері жұмыс істейді. Ол теміржол дөңгелектерін өндіретін «Проммашкомплект» ЖШС зауытымен бір мезгілде іске қосылды. Кластердің құрылуы логистиканы және өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыруға, жоғары технологиялық өнім өндіруге жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар «Востокмашзавод» және «Format Mach Company» кәсіпорындары сапалы құйма өндірісін кеңейту үшін автоматты қалыптау желілерін енгізу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруда, ал «Railcast Systems» компаниясы соғу-бандаж кешенін құру жобасын жүзеге асыруда.
Осы және басқа да ауқымды бастамалардың барлығы елішілік құндылықты арттырып, Қазақстанның жоғары технологиялық өнімдердің ірі экспорттаушысы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.