Үш вокзалды реконструкциялау барысында отандық өндірістің материалдары пайдаланылды. Жаңартылған нысандар қауіпсіздік, қолжетімділік және жайлылық талаптарына сәйкес келеді, бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кеше қайта жаңғыртудан кейін еліміздің бес өңірінде теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Атырау облысында – Мақат, Сағыз және Доссор станциялары, Алматы облысында – Шамалған және Қазыбек бек станциялары, Қарағанды облысында – Дария және Мырза станциялары, Қызылорда облысында – Сексеуіл станциясы және Қостанай облысында – Железорудная станциясы.
Нысандарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында іске асырылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және теміржол көлігі нысандарында қолайлы жағдай жасау.