15.07.2026 _ 09:22

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында Халықаралық волонтерлер жылы аясында 1000-нан астам іс-шара өтті

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатында жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында бірқатар іс-шара өтіп жатыр. Атаулы жылдағы бастамалар Солтүстік Қазақстан облысында да кең қолдау тауып отыр. 2026 жылдың басынан бері өңірде волонтерлердің қатысуымен 1050-ден астам іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Бүгінде өңірде 10 мыңнан астам волонтер, 50-ден астам волонтерлік және қайырымдылық ұйым, 20 бастамашыл топ, сондай-ақ Петропавл қаласы мен облыстың барлық аудан орталығында жұмыс істейтін 14 волонтерлік клуб бар.

Волонтерлер әлеуметтік қолдау көрсету, экология, донорлық, цифрлық, медициналық, спорттық және халықаралық волонтерлікті қамтитын 18 түрлі бағыт бойынша белсенді қызмет жүргізеді.

Айтулы бастамалардың қатарында «Úmit» жобасы бар. Оның аясында волонтерлер су тасқынының алдын алу жұмыстарына қатысып, құтқарушылар мен өңір тұрғындарына қолдау көрсетіп келеді. Төтенше жағдайлардың салдарын жоюға 3450 волонтер жұмылдырылып, оның 1900-ден астамы Петропавл қаласында жұмыс істеді. Бұдан бөлек, олар Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі жөнінде ақпарат береді.

Волонтерлер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да белсене қатысады. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде 270-тен астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.

Өңірде «Игі істер марафоны» республикалық жобасы да қарқынды жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 45-тен астам іс-шара өтіп, аз қамтылған, көпбалалы және осал отбасылардан шыққан 90-нан астам балаға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар волонтерлер жақсылық жасауға ниет білдіріп, қан тапсыру акцияларына тұрақты қатысады.

Волонтерлік қозғалыстың басым бағыттарының бірі – қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету. «Birgemiz: Qamqor» жобасы аясында олар азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуге, үй мен аула аумағын тазалауға, тұрғын үйді жөндеуге, отын дайындауға, коммуналдық төлемдерді төлеуге және күнделікті тұрмыстық мәселелерді шешуге жәрдемдеседі. Жыл басынан бері 400-ден астам волонтердің қатысуымен 300-ден аса әлеуметтік қызмет алушыға көмек көрсетілді.

Өңірде «күміс волонтерлік» бағыты да дамып келеді. Соның жарқын үлгілерінің бірі – «Нити добра» жобасы. Жобаға қатысушылар шала туған сәбилерге жылы киім тоқу, жалғызбасты қарттарға қолдау көрсету, жастарға арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастырумен айналысып, экологиялық бастамаларға атсалысады. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында экопикниктер мен экосөмкелерді безендіруге арналған шығармашылық шеберлік сабақтары өткізіледі.

Сондай-ақ волонтерлік мәдениетін кеңінен насихаттауға да басымдық берілген. Жыл сайын өткізілетін «Мистер және Мисс Волонтер» байқауы белсенді волонтерлердің басын қосып, волонтерлер қозғалысын нығайтуға, белсенді жастар қатарының артуына ықпал етеді.