04.06.2026 _ 15:35

Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа жобалар басталады

16 мамыр күні Мемлекет басшысы адам капиталын дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға және білімді әрі бәсекеге қабілетті оқырман ұлт қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап оқуды кеңінен дәріптеу, кітапхана ісіне тың серпін беру және азаматтардың білім алу мүмкіндігін арттыру жөнінде бірқатар жобаны жүзеге асыра бастады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Фото: gov.kz

Аталмыш бағыттағы жобалардың бірі – 2026 жылдың қыркүйегінде басталатын «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы. Негізгі мақсат – кітапсүйер қауымның қатарын көбейту және оқырман мәдениетін қоғамда кеңінен насихаттау. Жоба аясында жыл сайын әртүрлі жас санаты бойынша ең белсенді оқырмандар анықталып, кітапқа деген қызығушылықты арттыратын үздік өңірлік бастамалар айқындалады.

Сонымен қатар азаматтарға кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындау жоспарланып отыр. Бұл марапат кітапханашылар, педагогтер, журналистер, баспагерлер, жазушылар, қоғам қайраткерлері және креативті индустрия өкілдерінің еңбегіне берілетін жоғары бағаның белгісі болмақ.

Кітапхана ісін цифрлық тұрғыдан дамытуға айрықша басымдық беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жұмысын бастады. Жаңа платформа электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстарын және пайдаланушыларға арналған заманауи сервистерді бір жүйеде біріктіруге мүмкіндік береді.

Ұлттық цифрлық кітапхана платформасының арқасында еліміздің кез келген тұрғыны тұрғылықты жеріне қарамастан отандық әдебиетті, ғылыми еңбектерді, сирек кітаптар мен архивтік материалдарды еркін пайдалана алады.

Кейінгі бес жылда электронды форматтағы кітаптарды оқу көрсеткіші 9 миллионнан асты.

Елімізде заманауи кітапхана ісін дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Тек 2025 жылдың өзінде үш жаңа кітапхана ашылып, қала және ауылдық жерлердегі 36 кітапхана заман талабына сай жаңғыртылды. Биыл тағы 30 нысанды жаңарту жоспарланып отыр.