Бүгінгі таңда елімізде ерекше қажеттіліктері бар 752 мыңға жуық адам тұрады, оның 56%-ы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, 29%-ы зейнет жасында және 15%-ы балалар. Оларды қолдау үшін биыл мемлекеттік бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,1 трлн теңге бөлінді. Бұл қаражаттың едәуір бөлігі Әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген 1017 техникалық оңалту құралдарын жеткізуші, 785 ишара тілі бойынша қызмет көрсетуші және 132 санаторий-курорттық ұйым арқылы қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге жұмсалады.
«Еліміз бойынша ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жоғары технологиялық жабдықтары бар 33 оңалту орталығы жұмыс істейді. Соңғы 2 жылда Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында 4 жаңа орталық ашылды. Осы жылдың мамыр айында Атырау қаласында тағы 1 орталық ашылады. Сонымен қатар 7 орталық бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және салу жұмыстары жүргізілуде. Психикалық ауытқулары бар балаларға ерекше назар аударылуада. Аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған 1825 орындық 15 мамандандырылған орталық жұмыс істеп тұр», — деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, өткен жылы ерекше қажеттіліктері бар 413,7 мың еңбекке қабілетті адамның 110,8 мыңы жұмыспен қамтылған. Жұмысқа тұрғызуға жәрдемдесу шараларымен 25 мыңнан астам азамат қамтылды, оның ішінде 8,1 мың адам жұмыс орындарын квоталау шеңберінде жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі Ұлытау облысы мен Қарағанды өңірінде. Бұл ретте министрлік инклюзияны кеңейту бойынша басқа кәсіпорындар үшін бағдар ретінде қызмет ететін ТОП-10 әлеуметтік жауапты жұмыс берушіні бөлек атап отыр.
«Министрлік биылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін квоталарды орындау үшін ұйымдар тізбесін цифрлық есепке алу тәсілін әзірлейтін болады. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізіледі, ол жұмысқа орналастырғанға дейін азаматтарды белсенді сүйемелдеу моделіне көшуді қамтамасыз етеді. Осы жылдан бастап біз 17 мыңға жуық мүгедек адамды квотамен қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп», — деп атап өтті Асқарбек Ертаев.