03.03.2026 _ 09:00

Батыс Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін Біртұтас электр энергетикалық жүйеге қосылады

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі елдің ұзақмерзімді энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында энергия жүйесін жаңғыртып, жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Ұлттық электр желісінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін «KEGOC» АҚ жаңа қуаттарды енгізуге бағытталған бірқатар ауқымды жоспарлармен үйлестірілген жобаларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен (БЭЖ) біріктіру – стратегиялық маңызы бар негізгі бағыттардың біріне айналды. Жоба аясында батыс аймақ республика аумағы арқылы БЭЖ-дің негізгі бөлігімен қосылады. Бұл шешім батыс өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар солтүстік және оңтүстік аймақтар арасындағы қуат теңгерімсіздігін өтеу үшін маневрлік генерацияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде ұзындығы 600 шақырымнан асатын 500 кВ электр беру желісі салынады. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары 2027 жылдың желтоқсан айында аяқталуға тиіс.

Отандық БЭЖ-дің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту бағытында «Солтүстік–Оңтүстік» транзитінің «Алматы-Жамбыл» учаскесінде өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттыру жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жаңа газ электр станциялары мен жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) энергия жүйесіне интеграциялауға жағдай жасайды. Жоба аясында жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі 500 кВ электр желісі салынады. Нысанды 2027 жылдың маусымында пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар елорданы энергиямен қамтудың сенімділігін арттыруға ерекше назар аударылады. Астананы сыртқы электрмен жабдықтау сызбасын күшейту жобасы аясында жаңа 500 кВ цифрлық қосалқы станция салу көзделген. Бұл мегаполистің электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етіп, жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетін арттыру үшін «Солтүстік–Оңтүстік» тұрақты ток желісі салынады. Жоба жүзеге асқан жағдайда электр энергиясын тасымалдау көлемі 2 000 МВт-қа дейін ұлғаяды. Бұл жаңартылатын энергия көздерін жүйеге тиімді қосуға және жүктеме артқан кезеңде энергожүйенің тұрақтылығын сақтауға септігін тигізеді.

Сонымен қатар «Алматы мен Жетісу облыстарының электр желілерін дамыту» жобасы іске асырылады. Жоба аясында екі өңірдің энергия тораптары 220 кВ әуе желілері арқылы қосылады. Жалпы ұзындығы 400 шақырым болатын желі салынып, өңірлерде электрмен жабдықтау сенімділігі күшейтіледі.

Алдағы уақытта Қарағанды қаласында 500 кВ қосалқы станция салу және «Қарағанды – Астана» бағытында 500 кВ электр желісін тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда-Шымкент» жобасын іске асыру, Батыс энергия торабын күшейту және «Батыс–Оңтүстік» тұрақты ток желісін салу көзделген.

Жалпы, 2035 жылға дейін 6,6 мың шақырым жаңа электр желісін іске қосу және 10,5 мың шақырым қолданыстағы желілерді қайта жаңғырту жоспарланған.

Барлық жобалар энергия жүйесін жоғары кернеулі желілер арқылы толық сақиналауды аяқтауға бағытталған. Нәтижесінде Ұлттық электр желісінің нысаналы топологиясы қалыптасады. Генерация көздерін дамыту шараларымен қатар елдің толық энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты өсіміне жол ашады.