27.02.2026 _ 09:33

«Ауыл Аманаты»: Ақтөбе облысында 2026 жылы 4,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған «Ауыл Аманаты» жобасы табысты жүзеге асырылуда. 2025 жылдың 12 айында жоба аясында 219 несие берілген. Жобаны қаржыландыру үшін бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Жобаның басты нәтижелерінің бірі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Жыл басынан бері «Ауыл Аманаты» аясында 647 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жергілікті экономиканың дамуына оң әсерін тигізуде.

2026 жылы жобаны жалғастыруға 4,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаржыландыру көлемінің артуы ауыл кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысында AMANAT партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асырудың жол картасы негізінде жоба шеңберінде биыл ауыл тұрғындарына 665 несие беру көзделген. Нәтижесінде 364 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

«Ауыл Аманаты» жобасы – ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған маңызды бастама.