06.05.2026 _ 16:53

Мемлекет басшысы Аустрияның Үкімет мүшелерін қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аустрия еуропалық және халықаралық істер федералдық министрі Беате Майнль-Райзингер мен Аустрия ішкі істер федералдық министрі Герхард Карнермен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, елімізге Аустрия министрлерімен бірге іскерлік орта өкілдерінен құралған делегацияның келуі маңызды екенін атап өтті.

– Аустрия Үкіметінің екі бірдей министрінің елімізге сапармен келуі өзара ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Аустрия – Қазақстанның сенімді әрі бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі. Сіздердің экономикамызға құйған инвестицияларыңыз 3 миллиард доллардан асты, сондай-ақ сауда айналымының көлемі ұлғайып келеді. Бұл өте жақсы үрдіс. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және ЕҚЫҰ аясында тығыз қарым-қатынас орнаттық. Мұндай байланыстар алдағы уақытта да жалғаса береді деп ойлаймын. Аустрия – көптеген бағытта қарқынды дамыған ел. Сондықтан қол жеткізілген ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаймыз. Сіздер үшін Қазақстан аймақтағы маңызды рөлін сақтап қалады деген сенімдеміз. Қазіргі таңда Аустрияның Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы сауда қатынастарында Қазақстанның үлесі 80 пайыздан жоғары, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволары арасындағы ықпалдастықтың жандануын құптады. Атап айтқанда, биыл мамыр айынан бастап дипломатиялық паспорт иелері үшін визасыз режим туралы және реадмиссиялау жөніндегі келісімдер күшіне енді.

Мемлекет басшысы заманауи сын-қатерлердің трансшекаралық сипаты ұлғайып бара жатқанына тоқталып, осы орайда құқық қорғау органдарының өзара байланыстарын тереңдету қажет екенін айтты.

Беате Майнль-Райзингер мен Герхард Карнер Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтып, Президент Александр Ван дер Белленнің ыстық ықыласын жеткізді.

– Біздің сапарымыз дер кезінде ұйымдастырылды. Қазақстан –Орталық Азиядағы экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси жағынан да маңызды серіктесіміз. Біз қауіпсіздік, көші-қон салалары бойынша тығыз әрекет етеміз. Өзіңіз атап өткеніңіздей, көпжақты алаңдарда да бірлесіп жұмыс істейміз. ЕҚЫҰ министрлер кездесуіне қатысқан Қазақстанның сыртқы істер министрін Вена қаласында қабылдағаныма қуаныштымын. Өйткені біз еліңіздің аталған Ұйымдағы көшбасшылық позициясын жоғары бағалаймыз, – деді Аустрияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Беате Майнль-Райзингер.

Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Президент Александр Ван дер Белленге ізгі сәлемін жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Аустрия көшбасшысын өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады.