Жыл басынан бері 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған

Жыл басынан бері елімізде 24 861 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның 4 697-сі қоғамдық жұмыстар мен әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан. Сонымен қатар 2 276 маман біліктілікті арттыру үшін қайта даярлау курстарына, жастар тәжірибесіне жолданды, деп хабарлайды ortcom.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Светлана Жақыпова осылай деді. Оның айтуынша, министрлік жаңа замандағы әлеуметтік қызмет көрсетуді әрі қарай ұйымдастыру мәселесінде мемлекет пен отбасының және азаматтың ынтымақтаса қимылдауын көздейді.

-Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, әлеуметтік қызмет көрсету ауқымы мен көлемін кеңейту, сапасын арттыру мақсатында кепілдендірілген және қосымша қызметтер тізімін жасап, заңнама жүзінде бекіту, сондай-ақ, оны ұсыну тәртібіне өзгерістер енгізу қажет, – деді Светлана Жақыпова.

Бұдан бөлек, спикер журналистерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірнеше бағытты қамтитын жаңа Әлеуметтік қызметтер жүйесін әрі қарай дамыту тұжырымдамасы әзірленгенін айтты. Оған ауылдағы қызметтер қолжетімділігін қамтамасыз ету мен жеке секторды тартуға қатысты қызметтер тарифі мен стандарттарды қайта қарастыру сынды жұмыстар енгізілген.

 

Comments are closed.

Яндекс.Метрика