«Жол жүрісі туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енді

2017 жылдың 3 шілдесінде Мемлекет басшысы жол жүрісі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Аталған заңнамалық актілердегі өзгерістер мен толықтырулар туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің жол қозғалысын қамтамасыз ету саласын үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрсейіт Әбішев атап өтті.
Спикердің сөзінше Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көрсетілгендей көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін мүгедектерді көлiк құралдарын басқару құқығынан 3 жылға айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілік енгізілген. «Сонымен қатар, қарсы жолаққа шығу тыйым салынған жерлерде қарсы жүру жолағына шыға отырып, бұрылу немесе кері бұрылу үшін көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы нақтыланған, жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл мөлшері 5-тен бастап 3-ке дейін АЕК қысқартылды. Сондай-ақ, масаң күйін куәландырудан өтуден бас тартқан үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін көбейтілді, ішкі істер органдарының, әскери полицияның қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жолаушы көлік құралын тастап кеткен үшін жауапкершілікке тартылу алынып тасталынды» деді Н.Әбішев.
Нұрсейіт Әбішев «Жол жүрісі туралы» Заңда түнгі уақытта, яғни түнгі сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін қалааралық, ауданаралық қатынастарда автобустармен тұрақты емес тасымалдаулар арқылы жолаушыларды тасымалдауға тыйым салу алынып тасталынғанын жеткізді. «Әкімшілік кедергілерді төмендету мақсатында жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда жүргізуші куәлігін айырбастау кезінде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыру жөніндегі міндеттілік алынып тасталынды. Сондай-ақ, Көлік құралына аэрография салу бойынша тыйым салу алынып тасталынды, және «Tm» санатындағы (трамвай) көлік құралдарын басқару құқығын алушылардың жасы 25 жастан 21 жасқа дейін төмендетілді. Және басқа көлік құралын басқару тәжірибесі бар болу қажеттігі туралы талап алынып тасталынды», – деді спикер.
ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің жол қозғалысын қамтамасыз ету саласын үйлестіру бөлімінің басшысының мәліметінше Жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедті айдап жүруге тыйым салынды. Сонымен қатар, ол аталған Заңның ережелері 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетінін жеткізді.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика