Жұмабек Сарабеков: Қазақстан қысқа мерзімдік саяси жағдайға бола қырғыз-қазақ арасындағы қарым-қатынасты құрбандыққа шалған жоқ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) жетекші сарапшысы Жұмабек САРАБЕКОВ

  1. Қазақ-қырғыз қатынасын шешуге Сооронбай Жээнбековтің қаншалық мүмкіндігі бар? Жасалған жол картасы оған қандай әсерін тигізбекші?

Ең әуелі, Қырғызстанның жаңа сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстанмен арадағы қатынасты реттеуге өте мүдделі. Себебі, Қазақстан Қырғыз елі үшін аса үлкен сауда әріптесі. Ал соңғы уақыттағы пайда болған жағдай Қырғыз еліне экономикалық жақтан да, саяси жақтан да ешқандай пайда әкелмейді. Жергілікті бизнес өкілдері үшін Қазақстан үлкен нарық есептеледі. Ал нарыққа қол жетімсіздік жергілікті бизнесмендер үшін билікке қарата сұрақтар туындатады. Сол себепті биліктен кеткен Атамбаевтың фонында Жээнбеков үшін екі елдің қатынасын жақсарту мәселесі жағынан үлкен мүмкіндіктер бар. Ол екі ел қатынасын жаңа парақтан бастауға мүмкіндік тауып отыр. Ол осы мүмкіндікті пайдаланғысы келеді. Менің ойымша, ол осы мүмкіндіктерді жақсы пайдаланса, жасалған жол картасы негізінде, екі елдің қатынасы бұрынғы қалпына қайтып келеді деп сенемін. Сонымен қатар, ЕАЭО аясындағы мүмкіндіктерді де толығымен пайдалана алады. Елімізде еркін экспорт жасай алады. Қырғыз тарапынан ағылған еркін жұмыс күштері елімізге келіп жұмыс істей алады.

Жол картасының негізгі көздеген мақсаты, екі жақты тауар айналымындағы әкімшілік органдардың байланысын нығайту. Соның ішіндегі ең басты мәселе, Қазақстанға экспортталатын Қырғызстан тауарларының сапасын қадағалау. Осы жол картасының аясында екі тарап сертификациялаудың ортақ бір жүйесін тапты. Келісімдерге қол қойды. Егер бұл келісім өз деңгейінде орындалса, біз де келіп түсетін тауарлардың сапасынан алаңдамаймыз. Екі жақты сауда-саттықтың күшейе түсуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде екі жақтың да қазынасына пайдалы. Бұл жол картасы екі тараптағы көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл мәселелер бүгін ғана пайда болған жоқ, біраз жылдардан бері қордаланып, ұлғайған мәселелер болатын. ЕАЭО-қа мүше болғаннан бері, қазақ-қырғыз шекарасындағы аталған мәселелер туындап келе жатқанын біздің тарап жиі айтып келеді. Қытайдан келетін экспорт мәселесін шешу, экспорт тауарының сапасын қамтамасыз ету деген секілді мәселелер бұрын да айтылған. Осы мәселелердің бәрін шешуге, ең бастысы, Қырғызстан тарапынан саяси жігер пайда болып отыр. Ал жол картасы осы мәселелердің шешілуіне мол мүмкіндік береді.

  1. Қазақ-қырғыз арасында бұрын-соңды осы тектес келіспеушіліктер болды ма? Болса, қалай шешіліп келді?

Қазақ-қырғыз ежелден көрші, аралас отырған елдер. Тәуелсіздік жылдарынан бастап айтар болсақ, екі ел арасында үлкенді-кішілі саяси болсын, экономикалық болсын түсініспеушіліктер, келіспеушіліктер бұрын да болған. Көрші ел болған соң, мұндай мәселелер туындамай тұрмайды. Бірақ шешілмей қалған, үлкен дау тудырған оқиғалар болған емес. Барлық жағдайда да, екі тарап салиқалы, салмақты түрде, мәселелерді конструктивті шешуге тырысып отырды. Бұл жолғы қазан айынан бері болған түйткілді жағдайда да Қазақстан тарапы аса салмақты көзқарас ұстанып, мәселені саясиландырмай, сабыр танытып, екі жақты стратегиялық қарым-қатынасты сақтап қалды. Сол арқылы екі жақты қарым-қатынасты қысқа мерзімдік саяси жағдайға бола құрбандыққа шалмайтынын тағы бір рет дәлелдеді.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика