Зейнетақы көлемінің мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көбейтіледі

Жаңа жылдан бастап зейнетақы көлемінің мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көбейтіледі. Зейнатақы жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті, деп хабарлайды ortcom.kz сайты.

Алдағы жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ынтымақты зейнетақы көлемі (еңбекті) 8 %-ға, базалық зейнетақы және басқа да жәрдемақы түрлерінің көлемі 6 %-ға өседі.

Сонымен бірге, базалық зейнетақыны тағайындаудың әдіс-тәсілдері де өзгереді. 2018 жылдың 1-шілдесінен бастап еңбек өтіліне қарай есептеліп бөлінетін болады. Яғни жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиналған зейнетақы жарнасын ескере отырып, жалпы еңбек өтілі есепке алынады.

Вице-министрдің айтуынша, әр жылы жинақталған зейнетақы төлемдері инфляция деңгейінен 2 % артығымен төленіп отырады. Өткен жылы инфляция деңгейі 7% болса, зейнетақы көлемінің индексациясы 9 %-бен есептелген.

Жаңа өзгерістер бойынша қоғамда «қанша көп еңбек етсең, сонша көп зейнетақы аласың» деген ұғым қалыптасады. Нәтижесінде зейнеткерлікке шыққан адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алмай-ақ, демеушілер мен меценаттардың қайырымдылық қаржыларына мұқтаж болмай-ақ, өмір сүретін болады, дейді спикер.

 

 

 

Comments are closed.

Яндекс.Метрика