Қырғыз делегациясы Қазақстанның мемлекеттік электрондық қызметтерді көрсету тәжірибесімен танысты

Астанада 6-шы қыркүйекте электрондық мемлекеттік қызметтер тәжірибесін зерттеу тақырыбында Қазақстан мен Қырғыз Республикасы өкілдері қатысқан жиын өтті.

Делегация құрамында Қырғыз Республикасы Әділет министрлігінің және «Заңнаманы дамыту орталығы» Қоғамдық қорының өкілдері болды. Кездесу аясында қазақстандықтар электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Дәлірек айтсақ, кездесу барысында Қазақстан Республикасының электрондық үкіметінің және ашық үкіметінің қызметтері таныстырылды.

Қырғыз Республикасы Әділет министрінің орынбасары М. Сарымсақов Қырғызстан үшін Қазақстан тәжірибесінің маңызы үлкен екенін атап өтіп, елде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру процесінің басталғанын айтты.

Бүгінде Қазақстанда электрондық үкімет порталының танымалдығы күн санап артып келеді.

Ал, ресурсқа тіркелген пайдаланушылардың саны 6 миллионнан асты. eGov.kz арқылы 237 қызмет көрсетіліп келеді, оның ішінде 30 қызметті электрондық цифрлық қолтаңбасыз, бір реттік құпиясөз көмегімен алуға болады. Ол үшін www.egov.kz порталында тіркелген қолданушыға ЖСН және «мобильдік азаматтар қорында» тіркелген ұялы телефон нөмірін көрсету, содан соң алынған бір реттік парольді арнайы жолға енгізу керек. Телефон нөмірін ЖСН-ға бекітуді қолданушының Жеке кабинетінде немесе ХҚКО-да жүзеге асыруға болады.

Сонымен қатар, делегация Қазақстанға сапары аясында ХҚКО мен Арнайы ХҚКО-ның жұмысымен танысты.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика