Әсет Исекешев шетел әріптестерімен кездеседі

Астана әкімі Әсет Исекешев елордада Орта Азия мен ТМД аумағындағы шаhар басшыларын жинамақ. Әсет Исекешевтің шақыруымен Астанаға Ашхабад, Тбилиси, Ташкент, Бішкек секілді қалалардың әкімдері келеді, деп хабарлайды ortcom.kz.

Бұл туралы бүгін журналистермен өткен кездесуде Астана қаласының Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров хабарлады. Айтуынша, қала басшылары жылжымайтын мүлік мәселелері жөніндегі Орта Азиялық форумға қатысады. Шара 19-20 қазан аралығында өтеді. Онда ЭКСПО-2017, Универсиада, Азиада сынды ауқымды жобаларға арналып салынған нысандарды қолдану мәселелері сөз болмақ. Сондай-ақ, құрылыс саласында заманауи технологияларды енгізу, құрылысшылардың жұмыс сапасы, отандық құрылыс материалдарын қолдану тақырыбы да күн тәртібіне енгізілген. Форумға Қытай, Сингапур, Ұлыбритания, Канада және басқа да алыс және жақын шет елдерден арнайы сарапшылар келеді.

«Астанада әлемге танымал құрылыс нысандары аз емес. Форум барысында біз әріптестерімізбен ірі құрылыс нысандарын тиімді пайдалану мәселелерін талқылаймыз. Сондай-ақ, сол нысандарда барынша көп шара өткізу мүмкіндіктері туралы да айтамыз. Шараға қатысушылар өздерінің бизнес-кейстері мен жобаларын таныстырады деп үміттенеміз», – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Бұдан бөлек, шараның аясында салалық көрме өтеді. Онда еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатқан құрылыс, жобалау және сәулет компаниялары шақыртылған. Форум 2013 жылдан бері өткізіліп келеді.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика