«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі Еуропаға жол тартты

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Еуропаның барлық қалаларында үлкен тур ұйымдастырмақ, оның аясында бес негізгі музыкалық спектакльдер өтеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, «Astana Musical» музыкалық театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақонцерт» мемлекеттік мекемесінің бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының директоры Наталья Дубс аталған жоба туралы баяндады.

«Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласынан өрістейтін маңызды міндеттерді іске асыру барысында Мәдениет және спорт министрлігіне кең көлемді мәдени жоба – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» тақырыбымен қыруар жұмыс атқару жүктелгенін атап айту қажет. Осы бағытта министрліктің басшылығымен, Отандық мәдениеттің заманауи бейнесін ашып, оның әлемдік аренаға жол тартуына оң ықпал ету және жоғарыда аталған ірі мәдени жобаны іске асыру мақсатында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы және Республикалық неміс драма театры 2017 жылғы желтоқсан айында  Еуропа мемлекеттерінің астаналарында  үлкен гастрольдік турне өткізуді жоспарлап, жүзеге асыруға кіріскелі отыр»,-деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.

Турдың бағыты Берлин – Париж – Вена – Брюссель – Мәскеу сияқты ірі еуропалық мәдени астаналарды қамтиды.

Неміс театрының труппасы еуропалық аудиторияға Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» классикалық шығармасының жаңа, инновациялық нұсқасын ұсынады. Ал «Astana Musical» театры «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық музыкалық қойылымын көрсететін болады.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Astana Musical» театры еліміздің рухани құндылықтарына айналған халық әндері мен халық композиторларының шығармалары, ұлттық операмыз бен классикалық музыкамыздың інжу-маржандары негізінде дала театрының элементтерін пайдалана отырып «Ұлы Дала театры» атауымен «Қыз Жібек»  этно-фольклорлық мюзиклін Франция, Германия, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінің назарына  ұсынуға дайын. «Қыз Жібек»  этно-фольклорлық мюзиклі қазақ мәдениетін әлемдік аренаға шығарып, ұлттық болмысын таныстыруға нағыз лайық туынды деп ойлаймын»,-дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

 

Comments are closed.

Яндекс.Метрика