ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Қазақстан халықтарының тілдері күнін атап өтті

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай 2017 жылғы 15 қыркүйекте Қызылорда облысы Қорқыт Ата мемориалды кешеніндегі этноауылда «Полиглот» республикалық конкурсын ұйымдастырды және өткізді.

«Полиглот» конкурсының басты мақсаты – Мемлекет Басшысы  Н.Ә.  Назарбаевтың «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыру, үш тілді және одан да көп тілдерді жетік меңгерген қызметкерлерді анықтау және қолдау болды.

Конкурсқа облыстар, Астана және Алматы қалалары Төтенше жағдайлар департаменттерінде өткен осыған ұқсас облыстық конкурстардың жеңімпаздары қатысты.

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Омар Құмарұлы Бержанов іс-шараны ашып, кіріспе сөз сөйледі.

Қатысушыларды қазылар алқасының мүшелері бағалады, олардың арасында Төтенше жағдайлар комитетінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің өкілдері бар.

Қатысушылардың шеберлігі 5 ұпайлық жүйемен бағаланды. Байқаудың шарттары мынадай болды:

Бірінші кезең: «Таныстыру» – өзі туралы қазақ тілінде немесе қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қолданып айту;

Екінші кезең: «Терминдерді аудару» – экранда қазақ тілінде берілген төтенше жағдайлар терминдерінің орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын айту;

Үшінші кезең: экранда берілген қазақ халқының салт–дәстүріне, тұрмысы мен мәдениетіне байланысты сұрақтарға қазақ тілінде жауап беру;

Төртінші кезең: орыс және ағылшын тілінде карточкада берілген табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ахуалды бағалап, сипаттап беру.

Барлық кезеңдерде қатысушылардың тіл байлығына, сөйлеу мәнеріне, сауаттылығына назар аударылды.

Конкурстың қорытындылары бойынша бірінші, екінші және үшінші орынды алған қатысушылар Дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

І орын –  Қарағанды облысы ТЖД өкілі Ару Сақбосынова;

ІІ орын – Павлодар облысы ТЖД өкілі Нұрболат Мұқат;

ІІІ орын – Қызылорда облысы ТЖД өкілі Темір Еркебаев.

Сондай-ақ, барлық қатысушыларға ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының Алғыс хаттары табысталды.

ҚР ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі  

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Яндекс.Метрика