Николай Рерихтің Нью-Йорктік музейінің жауһарлары алғаш рет Астанада

Николай Рерихтің Нью-Йорктегі музейінің жауһарлары алғаш рет Астанаға әкелінеді. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Хазбулатов, Орыс-американдық қордың президенті, американдық «Son Mar Group» компаниясының негізін қалаушы, Мемлекеттік Бруклин мұражайының экс-кураторы Марина Ковалева, америкалық «Son Mar Group  компаниясының және  TondoArt арт-платформасының  негізін қалаушы, «Сотбис» аукциондық үйінің экс-аға вице-президенті Соня Беккерман баяндады.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл көрме ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында ұйымдастырылып жатқанын және ол ұлтаралық байланысты одан әрі дамытарына сенім білдірді.

«Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтің Нью-Йорктегі музейінен алынған жауһарлар» көрмесі, шебердің шығармашылық ауқымын көрсетіп, суретшінің жасөспірімдік шағында, сондай-ақ, 1920-40 жылдары жарыққа шыққан 37 жұмысын қамтиды», – деді спикер.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Америка Құрама Штаттарының осындай ауқымдағы көркемді көрмелері Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырғандығы атап өтіп, «Son Mar Group» компаниясының негізін қалаушылар – Марина Ковалева мен Соня Беккерманға екі бірегей жобаны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Көрме Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, БҰҰ Қазақстан Республикасындағы Миссиясының және Қазақстан мен АҚШ Елшіліктерінің ресми қолдауымен өткізіледі. Қазақстан жағы логистикалық және сақтандыру шығындарын, ал көрмені ұйымдастыруға байланысты басқа шығындарды американдық «Son Mar Group» компаниясы мен АҚШ жеке қорлары өтейді.

Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет «АҚШ жеке коллекцияларынан алынған орыс өнерінің жауһарлары» атты сирек көрсетілетін көрме астанамыздың қонақтарына ұсынылады. Оның құрамына 35 туынды кіреді, оның ішінде – дүниежүзіне танымал марионист Айвазовскийдің, XIX ғасырдың танымал кескіншілері Маковскийдің, Харламовтың, Шухаевтың, авангардшылар Бурлюктың, Ларионовтың, Гончарованың, Экстердің, орыс импрессионизмінің көрнекті өкілі Коровиннің және басқалардың жұмыстары бар.

Көрме аясында 15 маусым күні «Мәдениеттің динамикалық моделі: Қазақстан және әлемдік қауымдастық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жоспарланған.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика