Мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қысым төмендеп келеді  

Ағымдағы жылдың соңына дейін Кәсіпкерлік кодекске, салалық заңдарға тексеру жүргізудің жалпы тәртібіне жатпайтын салаларды ауыстыру бойынша түзетулер әзірленетін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Джолдыбаева мәлім етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соңғы 2 жылда елде кәсіпкерлік қызмет жағдайын түбегейлі жақсарту бағытында бірқатар шаралар қабылданған болатын.

Спикердің айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекет пен бизнес арасында өзара  әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатында «анықтау мен жазалау» саясаты «ескерту және адал кәсіпкерлікті қолдау» саясатына ауысты. Осылайша қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру үшін қажетті жағдай жасалынды.

2015 жылы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексерілуге тиіс талаптар қысқартылды.

«Мәселен, 2016 жылы бизнеске қатысты 101 019 бақылау тексеруі жасалды, ол тексерулер саны 183 503-ті құраған 2013 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 45%-ға аз. Осылайша, бизнестің құқықтық алаң шеңберінде ғана жұмыс істеуге мүдделі болуы үшін бизнеске барынша жағдай жасалуда, бұл ретте біздің кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмысымыз жалғаса бермек», – деді департамент директоры.

Сонымен бірге, 2016 жылы Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына ревизия басталды. Ревизия мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізді:

1) бақылау-қадағалау салаларын 10 %-ға азайту – 13 қайталанатын бақылау саласын алып тастау ұсынылған;

2) бақылау салаларының 20%-ын тексеру жүргізудің жалпы тәртібіне ауыстыру – әзірге 3 бақылау саласын ауыстыру ұсынылған;

3) тексеру парақтарында кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарды қысқарту және ретке келтіру – 80-нен астам тексеру парағындағы талаптарды оңтайландыру ұсынылған.

Ревизия кәсіпкерлік субъектілеріне бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан қысымды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік бақылау мен қадағалау заңнамасын жетілдіруді қамтамасыз етеді. Бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құрамдағыштарды алып тастауға жәрдемдеседі, сондай-ақ елде кәсіпкерліктің дамуына жаңа түрткі болады.

 

Comments are closed.

Яндекс.Метрика