Оның айтуынша, құқық қорғау органдары террористік актілерге қатысушыларды анықтау және жазалау, елдегі қоғамдық қауіпсіздікті толық қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.  


«Адам шығыны болған оқиғаларды тергеп-тексеруге ерекше назар аударылуда. Бүгінгі күні 4578 жәбірленуші анықталды, оның 4353-і жараланды, оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде мәйітханаларға қаза тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі – терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкерлері бар. Өкінішке орай, бейбіт тұрғындар да терроризм актілерінің құрбаны болды. Біз азаматтарымыздың, сондай-ақ Қарулы экстремистердің құрбаны болғандардың қауіпсіздігі мен өмірін қорғап, қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтамыз. Бұл алдын ала деректер, олар нақтыланып жатыр және өзгеруі мүмкін. Дегенмен, әрбір факті мұқият тексеріледі. Нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі», - деді офицер. 


Бүгінгі таңда тергеу-жедел топтары 546 қылмыстық істі тергеуде, оның ішінде 44-і - терроризм актілері, 34-і – жаппай тәртіпсіздіктер, 15-і – адам өлтіру бойынша және т.б.. Уақытша ұстау изоляторына қылмыс жасады деген 672 күдікті ұсталды, оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және ұстауға негіз болмағандықтан прокуратура органдары жүзден астам азаматты босатты.

 
«Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, және басқа да құқық қорғау ұйымдар өкілдерімен өзара әрекетесу мәселелері шешілді. Оларға жеткізілген және ұсталған адамдарды ұстау орындарына кіру қамтамасыз етілді. Сол арқылы заңсыз күш қолдану, медициналық көмек көрсетпеу және қорғаушыларды кіргізбеу жағдайларына тәуелсіз тексеру жүргізіледі. Республикалық адвокаттар алқасымен бірлесіп уақытылы және білікті заң көмегін көрсету мәселесі шешілді. Қазіргі кезде прокуратураға құқық қорғау органдарының әрекетіне 32 арыз келіп түсті. Бұл өтініштер тексерілуде», - деп атап өтті спикер. 


Егер азаматтар өз құқықтары бұзылды деп есептесе, Бас прокуратураға 115 нөмірі бойынша немесе тікелей аумақтық прокуратураларға хабарласа алады.  
С.Шалабаев уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, жалған ақпаратқа сенбей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.