Оның мәліметінше, қазіргі кезде құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеуде. Сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. 2 мыңға жуық нысан зардап шеккен. 


«Бизнес ғимараттарын қалпына келтіруге тезірек кірісуі керек екенін түсінеміз. Сондықтан тергеушілер оларды тексеруге басымдық береді. Алдағы күндері барлық жұмыстарды аяқтаймыз. Оқиға орнынан көптеген дәлелдер, заттай айғақтар және қылмыс іздері алынады. Мысалы, бандиттердің киімі, бейнежазбалар, қылмыс құралдары, оның ішінде 127 қару-жарақ. Алынған бейнематериалдар қылмысқа қатысушыларды анықтау үшін қолданды. Прокурорлар қылмыстық процестің барлық сатыларында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен, адвокаттар алқасымен өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізіледі. Күдіктілерді ұстау жағдайларын тәуелсіз бағалау үшін оларға тергеу изоляторларына кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Азаматтарды қылмыстан зардап шеккен деп уақытылы тануға ерекше назар аударылды. Бұл өтемақы алу үшін маңызды», - деді спикер.  


Сонымен қатар, прокурорлар Президент тапсырмасына сәйкес ауыр қылмыстары жоқ адамдарға жазаны жеңілдету бойынша тиісті шаралар қабылдайды. Жасалған құқық бұзушылықтар лайықты бағаланады. Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, қала прокуратурасы 71 адамға әкімшілік жазаларды жеңілдетті. Уақытша ұстау изоляторларынан 91 адам босатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. 


«Қалада Интернет жүйесі қалпына келтірілді. Азаматтық қоғамның барлық институттары жұмыс істейді. Қалада терроризмге қарсы операция жалғасуда. Барлықтарыңыздан коменданттық сағат талаптарын сақтауларыңызды сұраймын. Фейктердің таралуына жол бермеуге және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырамын. Сонымен қатар, егер құқық қорғау органдары тарапынан Сіздің құқықтарыңыздың бұзылуына немесе теріс пайдаланушылыққа тап болсаңыз, прокуратура органдарына хабарласуыңызды сұраймыз. 
Азаматтарды күнделікті қабылдау жүргізіледі. Біз әлеуметтік желілер арқылы онлайн режимде жұмыс істейміз», - деді прокурор қазақстандықтарға.