«2009 жылғы халық санағының «Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу кезінде қиындықтар сезінесіз бе?» деген жалпылама сұрақ осы қиындықтардың түрлері бөлінісінде қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бермеді, сондықтан бұл сұрақтар кеңейтілді. Бөлім 5 сұрақтан тұрады, онда тұрғындарға белгілі бір әрекеттерді орындау кезінде күнделікті өмірде кездесетін денсаулығына байланысты қиындықтарды бағалау ұсынылады. Бөлімнің сұрақтарына 5 және одан жоғары жастағы респонденттер жауап береді. Мұның бәрі мүгедектік статистика жөніндегі Вашингтон тобының ұсынысы. Халық санағының қорытындысы бойынша мүгедектер мен тыныс-тіршілігінде үлкен қиындықтар мен шектеулері бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген, сондықтан ағымдағы статистикада көрсетілмеген адамдардың саны туралы деректер алынады. Сонымен қатар, нәтижелер ұлттық бағдарламалар мен Мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенция шеңберінде одан әрі зерттеулер жүргізу үшін іріктемелер қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді бюро басшысы. 


Оның айтуынша, халық санағы шеңберінде халықты жұмыспен қамту туралы деректерді жинау адамдар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалауды құрастыру, сондай-ақ жұмыс орындарын құрумен, жұмысқа орналастырумен, жұмыссыздықпен байланысты экономикалық және әлеуметтік мәселелердің кең ауқымы бойынша саясат пен бағдарламаларды жоспарлау үшін аса маңызды мәнге ие. 


«Санақ аралық кезеңде мұндай деректер іріктемелі зерттеу қорытындылары бойынша алынады. Бүгінгі күні іріктеме мөлшері 4,8% құрайды, бұл деректерді тоқсан сайын – облыстар бойынша және жылына бір рет – аудандар бойынша алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, санақ деректері дезагрегацияның әр түрлі деңгейлеріндегі дереккөздерден деректерді салыстыру үшін бақылау ақпаратын алуға мүмкіндік береді. Әдіснамалық негіз ретінде Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттары қолданылады. Халық санағы аясында халықтың күнкөріс қаражатының көздері бойынша деректерді жинау жұмыс күші мен жұмыспен қамту мәртебесінің көрсеткіштерін толықтыратын маңызды тұжырымдама болып табылады. Бұл отбасының әл-ауқатының, кедейлік деңгейінің сипаттамасы болып табылады.    
Санақ аралық кезеңде деректер арнайы іріктемелі зерттеу қорытындылары, сондай-ақ әкімшілік дереккөздер мен кәсіпорындар есептілігінің деректері бойынша алынады. Бүгінгі таңда іріктеме мөлшері 0,5% құрайды, бұл тоқсан сайынғы және жылдық негізде облыстар бойынша репрезентативті деректерді алуға мүмкіндік береді.   
Әдіснамалық негіз ретінде Халықаралық еңбек ұйымы қабылдаған халықаралық қағидаттары қолданылады», - деді спикер.  


Халық санағының қорытындысы бойынша жынысы, жасы, өңірлер бөлінісінде халықтың күнкөріс қаражатының көздері түрлері туралы деректер алынатын болады. Сонымен қатар кіріс мөлшері туралы деректер, сондай-ақ COVID-19 пандемиясының кіріс деңгейіне қалай әсер еткені туралы ақпарат қалыптастырылады.