«Кең талқылауға себеп болған сұрақтарға тоқталайық. Мысалы, адамдар тұрғын үй жағдайлары бойынша сұрақтардың не үшін қажет екендігіне қызығушылық танытты. Атап айтқанда, қабырғалар неден жасалғаны және т.б. 2021 жылғы халық санағының қорытындылары статистиканың ақпараттық жүйесіндегі мәліметтердің өзектілігі мен дұрыстығын талдауға мүмкіндік береді: тұрғын үй объектілерін және оларда тұру жағдайларын, «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» МДҚ-да тіркелмеген объектілерді; бос немесе иесіз үйлерді; іс жүзінде істен шыққан, бірақ заңды тіркеу мәліметтері бар үйлерді анықтауға мүмкіндік береді. 

Өзектілігі мен пайдаланушылардың қызығушылығын, сондай-ақ әкімшілік дереккөздерде ақпараттың болмауын ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері есебінен жылыту бойынша сұрақтар қосылды», - деді спикер.  


Оның айтуынша, тірі туылған балалардың саны туралы сұрақ туу туралы маңызды деректерді қамтамасыз етеді. Бұл сұрақ 15 және одан жоғары жастағы әйелдерге қойылады. Себебі, халықаралық стандарттарға сәйкес, әйел 15 жастан бастап репродуктивті жасқа енеді. Халық санағының қорытындысы бойынша жынысы бойынша туылған балалардың саны, туу кезіндегі жыныстардың арақатынасы, когорттық туу, туу күнтізбесі туралы деректер алынатын болады.