«Республикада жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі қамтамасыз етілген, халыққа осындай қызметтердің 78 түрі көрсетіледі. Көрсетілетін қызмет көлемі 10 мыңға жуықты құрайды. 2011 жылдан бастап Республикада органдарды трансплантациялау технологиялары белсенді енгізілуде. 2020 жылы 112 трансплантация жасалды», - деді министр.


Сонымен қатар, өткен жылы елімізде 3D басып шығару технологиясы бойынша жеке үлгіленген жасанды омыртқалы денені (протезді) орнату, бассүйек нервтерінің микроваскулярлық декомпрессиясы кезіндегі эндоскопиялық ассистенция сияқты бірегей технологиялар енгізілді. Ал ағымдағы жылдың өзінде Қазақстан Гамма-пышақ аппаратын және жүрекішілік стимуляторды транскатетерлі имплантациялауды қолдана отырып, ОЖЖ ауруларын емдеудің радиохирургиялық әдісін игеруге ниетті. 


Мұнымен қоса, Семей қаласында Ядролық медицина орталығының құрылысы аяқталды. Биыл маусым айынан бастап орталықта қызметтердің толық спектрі ұсынылатын болады. Бұдан бөлек, Назарбаев Университеті жанынан балалар кардиохирургиялық орталығын ашу жоспарланған.