Ол іс-шараларды іске асыруға арнайы комиссиялар мен жұмыс топтарын құра отырып, ғалымдар, сарапшылар, мұрағат мекемелерінің қызметкерлері тартылғанын атап өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тәсілдері мен критерийлерін әзірлеу үшін ғалымдармен, өлкетанушылармен, құқық қорғаушылармен, мемлекеттік комиссия мүшелерімен дөңгелек үстелдер, онлайн-конференциялар, кеңестер өткізіледі. 2 отырыс өтті. Жұмыс барысында туындайтын мәселелер жедел шешілетін болады.


«Барлық материалдар қуғын-сүргін түрлері мен қуғын-сүргін санаттары бойынша жіктеледі. Кіші комиссиялардың басшылары білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктерінің қызметкерлерімен бірге өңірлік комиссиялардың қызметін бақылау үшін өңірлерге көшпелі инспекциялар жүргізеді. Бұл тек инспекциялау ғана емес, бірінші кезекте, бұл өңірлік комиссиялардың қалыпты жұмысы үшін әдістемелік және басқа да көмек көрсету болып табылады. Мәдениет және спорт министрлігі ағымдағы жылы Ұлттық мұрағат және Орталық мемлекеттік мұрағат базасында саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша мамандандырылған мұрағат материалдарының қорын құрды. Бүгінде бұл қорда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мыңнан астам мұрағаттық істер сақталған. Қор комиссия қызметі шеңберінде жаңадан құпиясыздандырылған құжаттар есебінен толықтырылатын болады. Мемлекеттік комиссия қызметінің қорытындысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Біріншісі – «Саяси қуғын - сүргін құрбандарын толық ақтау туралы», екіншісі – «Қолданыстағы бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленетін болады. Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалтудың жаңа тетіктері әзірленеді және оңалтуға құқығы бар адамдардың тізбесі кеңейтіледі», - деп түсіндірді Е.Тоғжанов.


Мемлекеттік комиссия жұмысының аралық нәтижелері жұртшылыққа кезең-кезеңімен жеткізілетін болады. Бұл жұмыс Үкіметтің бақылауына алынды.